Біз ақпарат беттеріндеміз
Жас зерттеушілер жарады
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» атты облыстық жас оқырман зерттеушілердің байқауы өтті.
Сайыс шарты бойынша әр қатысушы өз ауданынан шыңқан, ел өркениетіне үлес қосқан танымал түлғаны зерттеуі тиіс. Жуалы ауданының оқырманы Нұрай Үркүмбай батыр Бауыржан Момышұлының, Сарысу ауданының қатысушысы Ақбота Аужан жазушы Пернебай Дүйсенбиннің, Абылай Құрманов актер Асанәлі Әшімовтің, Байзақ ауданынан Жұлдызай Жанатбекқызы ақын Жанатбек Тұрғынбаевтің және Жамбыл ауданының үміткері Айгерім Орынбасар ақын Совет Әлімқұловтың еңбектері туралы зерттеу жұмыстарын ұсынды. Жас зерттеушілердің жұмыстарын жазушы- драматург, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов пен журналист, ақын Құрманғазы Демешев бағалады. Оқушылардың еңбектері қазылар алқасының отырысында талқыланып, тақырыпқа сай болуына, жаңа технология арқылы көркемделу ерекшелігіне, презентацияның дизайнына, тақырыптың жан-жақты ашылуына қарай сараланды. Байқау соңында «Ең үздік зерттеуші» номинациясы бойынша Жуалы ауданының зерттеушісі Нұрай Үркүмбай марапатталды. «Тақырыпты нақты ашқаны үшін» номинациясын Байзақ ауданының оқушысы Жұлдызай Жанатбекқызы иеленсе, Сарысу ауданының жас зерттеушісі Абылай Құрмановқа «Жұмыстың ең үздік презентациясы үшін» номинациясы бұйырды. Жүлдегерлерге мақтау қағаз бен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жас зерттеушілер жарады [Мәтін] // Арай.- 2018.-13 желтоқсан (№50).- 16 б.
CommentsМектептегі миллионерлер
Балаларды кітап оқуға шақыратын байқау басталды
Байқаудың мақсаты – Тараз қаласының кітап құмар жастарына ең үздік қазақ, шетел жазушыларының шығармаларын насихаттау, өскелең ұрпақтың классикалық, қазіргі заманауи әдебиетке, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастырып, жетілдіру болып табылады.
Жалпы, бұл байқау биыл тәжірибе ретінде жүзеге асырылып отыр. Егер жоба нәтижесі оқушылар үшін тиімді болса, келер жылдан бастап қаламен ғана шектелмей, облыстық деңгейде өткізілуі мүмкін.
Осы орайда, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор – Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова брифинг өткізіп, тың бастаманың мән-маңызы туралы әңгімеледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау шарты екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі қаланың мектептерінде өткізілсе, екінші кезеңде әр мектептерден іріктелген оқушылар қалалық байқауға қатысады. Жарысқа ұсынылатын әдебиеттерді ұйымдастырушылар мен ақылдастар алқасы іріктеп, 100 кітап таңдап алынған. Қатысатын 5-7 сынып оқушыларына 15, 8-11 сынып оқушыларына 20 кітаптан артық оқу міндеттеледі. Аталмыш байқау жарияланған күннен бастап оқырман қатысушыларға бес ай уақыт беріледі. Сондай-ақ дайындық кезеңінде байқауды өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар мен плакаттар, кітап туралы буклеттер шығарылады.
«Jambyl-Taraz» газетінің директор – Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалидың айтуынша, жас буын өкілдері үшін бұл үлкен мүмкіндік. «Бүгінгі оңушы – ертеңгі ұлт келешегі. Сайысқа белгіленген қомақты жүлде қоры оқушыларға үлкен мотивация болмақ. Осы арқылы біз өз өңірімізде кітап оқу үрдісін сәнге айналдыруды көздеп отырмыз. «Jambyl-Taraz» газеті қала халқының сенімді үнпарағы ретінде бес ай бойы байқаудың жоғары деңгейде өтуін қадағалап, нәтижесін бұқарамен бөлісетін болады», - дейді ол.
Айта кету керек, байқаудың жүлде қоры – 3 миллион теңге. Бас демеуші – Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Мұқаш Ескендіров.
Жас буынды қызықтара отырып білімге баулитын байқаудың қорытындысы келер жылғы 22-мамырда жарияланатын болады.
Боранбек Е. Мектептегі миллионерлер [Мәтін] / Е. Боранбек // Арай.- 2018.-06 желтоқсан (№49).- 1-2 б.
CommentsКітап оқып, миллионер атан!
Брифингке қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова қатысты. Жүлде қоры 3 миллион теңге болатын байқауға «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескенедіров демеуші болып отыр. Байқаудың мақсаты – Тараз қаласының кітапқұмар жастарына ең үздік қазақ, шетел жазушыларының шығармаларын насихаттау, жастардың классикалық, қазіргі заманауи әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін ояту, жастардың бойында кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру. Әрдайым оң үрдістердің бастамашысы болып келе жатқан қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бұл идеясына қала әкімдігінің білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бірден қолдау көрсетті. Баспасөз брифингінде сайыстың ережелері кеңінен талқыланып, жастар үшін маңызды тұстары сөз болды.
– Бұл байқаудан үлкен нәтиже күтеміз. Бір есептен сайысқа белгіленген жүлде қоры оқушыларға үлкен мотивация болмақ. Осы арқылы біз өз өңірімізде кітап оқу үрдісін сәнге айналдыруды көздеп отырмыз. Оқушыларға 100 кітаптың тізімі ұсынылып, олар кем дегенде 20 кітаптан оқып шықса байқаудың арқасында танымдары кеңейіп, мол мағлұматтар алады. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ұлт келешегі. Аздаған уақыттан соң үлкен өмірге аяқ басқалы жүрген жас буын өкілдері үшін бұл байқауда оқуға берілген кітаптар олардың жолдарына төгілген жарық сәуле болмақ. Кітаптың ғасырлар мен дәуірлер тізбегінде адамның ең сенімді серігі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал «Jambyl – Taraz» газеті қала халқының сенімді үнпарағы ретінде бес ай бойы байқаудың жоғары деңгейде өтуін қадағалап, нәтижесін бұқарамен бөлісетін болады. Мамыр айының 22-сі күні барлығымыз ең көп кітап оқыған миллионер жеңімпаздың кім екенін бірге анықтаймыз, – деді Эльмира Иниятқызы.
Қала мектептеріндегі оқушыларға ұсынылған кітаптардың тізімін жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы бастаған ақылдастар алқасы жасады. Байқаудың алғашқы кезеңінде 5-7 сынып оқушылары 15 кітаптан, 8-11 сынып оқушылары 20-дан кем емес кітапты оқуы міндеттеледі. Екінші кезеңде әр мектептен іріктелген оқушылар (оқырмандар) қалалық байқауға қатысуға мүмкіндік алады.
Баспасөз брифингі барысында Қонаев атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова аталмыш байқаудың ауқымына тоқталып, кітапхана оқырмандары үшін таптырмас мүмкіндік екенін алға тартты. Өз кезегінде қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева қала мектептерін байқауға қатысуға толық жұмылдыратынын жеткізді. Миллионер жеңімпаз 2019 жылғы мамырдың 22-сі күні белгілі болмақ. Ал ақиқатында, бұл байқауға қатысушылардың барлығы жеңімпаз саналады. Себебі, кітаптан ойға тоқыған дүниелер миллионнан да бағалы. Кітап оқып, таным көкжиегін кеңейткен жас бүкіл ғұмырына азық болар байлыққа кенеледі.
Жақсылық А. Кітап оқып, миллионер атан! [Мәтін] / А.Жақсылық // JAMBYL-TARAZ.- 2018. – 5 желтоқсан (№98).-5 б.
CommentsҚызыққа толы «Кітапхана түні»
Тараз қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Кітапхана түні-2018» квест шоуы өтті.
Кітап оқуды дәріптеу арқылы оқырмандардың рухани байлығын арттырып, кітап кеңістігін кеңейту, талапты, талантты жастарды шығармашылық ізденіске ынталандыру, олардың бойында халықтық салт-сананы қалыптастыру, бос уақытты тиімді өткізуге үйрету мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада қатысушылар «Күнді іздеген достар» ертегісін тамашалады, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының шеберлік сыныбына қатысты және «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» интелектуалды оынына сынға түсті.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар «Мейірім» мектеп интернатының мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленушілерімен жұмыс жүргізді.
Қызыққа толы «Кітапхана түні» [Мәтін] // АРстан.- 2018.-30 қараша (№47).- 6 б.
CommentsӘЛЕМДІ КІТАП АРҚЫЛЫ ТАНИМЫН
балалар жазушысы Сұлтан Қалиевтың шығармалары насихатталды
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті акын Сұлтан Қалиев шығармаларын балалар тақырыбына арнаған ғажайып суреткер еді. Бірер ай бұрын дүниеден озған жерлесіміздің артында қалдырған мұрасы - шығармалары. Ол Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң мектепте мұғалім, Қазақ радиосының балалар, музыка редакциясының редакторы, аға редакторы, республикалық «Балдырған» журналының жауапты хатшысы, республикалық «Ұлан» газетінің ұзақ жыл бас редакторы қызметтерін абыройлы атқарып, жасөспірімдер шығармашылыгының адал сардары болды.
Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен аталған кітапхананың мәжіліс залында «Әлемді кітап арқылы танимын» тақырыбында жасөспірімдер арасында Сұлтан Қалиев оқулары облыстық байқауы тұңғыш рет өткізілді. Шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысынын орынбасары Зүбайра Сембина сөз сөйлеп ашып, С.Қалиевтың шығармашылығы мен еңбек жолына тоқталып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Жиналғандар жақында өмірден озған Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны, Сұлтан Қалиевты бір минут үнсіздікпен еске алды. Шараға арнайы келген қонақтар, С.Қалиевтың інісі Жарқынбек Айдар, қарындасы Тұрғанай Мейірманқұлова, нағашысы Кәрібай Есенаманов каламгердің адамгершілік, ізгі қасиеттері туралы естеліктер айтты.
«Сұлтан Қалиев оқулары» байқауы таныстыру, ақынның өлеңдерін жатқа оқу немесе сахналық қойылым көрсету, экраннан көрсетілген тарихи орындардың атауын табу, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сұраққа жауап беру сынды кезеңдерден құралды. Байқауға Тараз қаласынан және аудандардан 7-10 жас аралығындағы, 10-15 жас аралығындағы 10 үміткер қатысты. Балалардың барлығы да жақсы дайындықпен келіпті. С.Қалиевтың өлеңдерін жатқа оқу сәттерінен сүрінбей өтті. Байқау барысында ақынның «Бәсіре», «Қоян неге қорқақ?», «Аққала», «Палау», «Солдат хаты», «Атай», «Сәлем саған мектебім» атты өлеңдері оқылды. Алайда кейбір қатысушылар тарихи жерлердің атауын жаңылмай айту, сұраққа жауап беру сындарында мүдіріп, «әттеген-ай» дегізді.
Қазылар алқасының шешімімен үлкен топта бірінші орынды жуалылық Меруерт Кари иеленсе, екінші жүлдені Жамбыл ауданының үміткері Махаббат Алипчеева мен байзақтық Венера Мырзақұлова өзара бөлісті. Жүлделі үшінші орын шулық Минура Сатыбалдиеваға бұйырды. Бұл жерде кұландық Құралай Тұғылшиева мен таластық Талшын Бестерек жүлдеге лайық өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Кіші топта таластық Бейбіт Алина жеңімпаз атанса, меркілік Диас Бақытжанға жүлделі екінші орын берілді. Сарысулық Мадина Мәжит, жамбылдық Инсан Разбай жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аталған кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова мен ақын, қазылар алқасының төрағасы Бақытжан Әлімқұлов марапаттап, диплом және қаржылай сыйлық тапсырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалар әдебиетінің бағбаны Сұлтан Қалиев оқулары енді жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын таба бермек.
Досалы Е. Әлемді кітап арқылы танимын [Мәтін]: балалар жазушысы Сұлтан Қалиевтың шығармалары насихатталды / Е.Досалы // Ақ жол.- 2018. – 16 қазан (№120).-5 б.
Comments







