Бұл жолғы көрменің басты ерекшелігі — заманауи цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуында болды. Кітапханашылар музейге келушілерге «Big dream» арнайы мобильді қосымшасының көмегімен кітап беттеріндегі динозаврларды 3D-анимация арқылы «жандандырып» көрсетті. Балалар мен жастар ежелгі дәуір алыптарының түрлерін, олардың мекендеген ортасы мен басты ерекшеліктерін үшөлшемді кеңістікте тамашалады.
Сонымен қатар, кеш қонақтары кітапхананың «Top IQ Mobile book» платформасымен танысып, ежелгі дәуір шежіресінен сыр шертетін танымдық бейнероликтерді тамашалады. Дәстүрлі кітап пен заманауи технология тоғысқан бұл көрме «Музей түнінің» ең көп адам жиналған және жоғары қызығушылық тудырған алаңдарының біріне айналды.






